ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ
ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ
Кеңес отырыстары
ҰҚСК бірінші отырысы (толық есеп)
2019 жылдың 28 тамызы – Президент Әкімшілігі басшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен ҰҚСК дайындық отырысы өтті.

Мәселелер мен міндеттердің қойылуы: ұсынымдар мен ұсыныстар

2019 жылдың 28 тамызы – Президент Әкімшілігі басшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен ҰҚСК дайындық отырысы өтті. Бұл жиналыста Кеңес жұмысының форматы мен регламенті бекітілді. Сондай-ақ талқылау барысында Кеңесті экономика, саяси жаңғыру, әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша бірнеше жұмыс тобына бөлу туралы шешім қабылданды. Әрқайсысының құрамына сол саланың сарапшылары енді.

2019 жылдың 6 қыркүйегінде Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын аша отырып, Мемлекет басшысы жиналғандардың бірінші кезектегі мақсаты – халықтың шынайы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайында көрініс табатын, әрі барлық азаматтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында жүзеге асырылатын айқын ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу екенін еске салды.

«Жаңа форматтағы бұл кездесу оң өзгерістерге ықпал етеді. Халық бізден нақты ұсыныстар күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі барлық бастамаларды жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп үміттенеміз. Біз халық сенімін ақтауымыз керек. Бізге әр азаматтың мүддесі маңызды. Отандастарымыз сырт қалып жатқан жоқ, олар қазір пікірлерін ашық айтады».

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық кеңестің бірінші отырысында сөйлеген сөзі, 2019 жылдың 6 қыркүйегі

Жалпы, ҰҚСК-ның алғашқы отырысы кеңес жұмысын жағымды жағынан танытты. Біріншіден, сарапшылардың Қазакстанның саяси жүйесін одан әрі жаңғырту жөніндегі ұсыныстары Мемлекет басшысының тікелей өзіне жолданды. Екіншіден, регламентті сақтай отырып, талқылау барысында әр жұмыс тобының мүшелерінің сөзі мен ұсыныстары тыңдалды. Сонымен отырыс барысында әр бағыт бойынша мынадай ұсынымдар айтылды:

Экономика блогы бойынша

1. Ораз Джандосов Ұлттық қорды дамытудың жаңа тәсілін дамыту туралы ұсынысын айтты. Ең бірінші кезекте барлық шикізат ресурстарынан салықтық төлемдерді Ұлттық қорға құю тәжірибесіне оралудың маңызы зор. Сондай-ақ сарапшы мемлекеттің банк секторын қолдау мәселесін қозғады. Бұл мәселеде О.Жандосов банктердің активтерін бағалау бойынша зерттеу нәтижелерін жариялап, қалың жұртшылыққа қолжетімді етуге шақырды. Жалпы, ҰҚСК мүшесі өз сөзінде банк секторын мемлекет тарапынан қолдау тәжірибесінен бас тартудың қажеттігін атап өтті. Тез арада Қаржылық бақылау агенттігін құру қажеттігі туралы идеяны ортаға салды.
2. Рахым Ошақбаев Зейнетақы жүйесінің табыстылығы төмендігіне, сәйкесінше оған сенім деңгейінің төмендігіне назар аударды. Р.Ошақбаев бюджеттен тыс қорға түсетін барлық салық пен төлемдерді бірыңғай төлемге біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар, сарапшы макроэкономикалық модельдеу мәселесін қозғады. Оның айтуынша, экономикалық есептер негізінде байыпты шешімдер қабылдауға екпін қойып, бұл процесті жетілдіру керек. Сондай-ақ Р.Ошақбаев бюджет-салық саясаты, халықтың шамадан тыс кредит қарызы, экология, тұрақты даму мақсаттарына жету, мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалау, әлеуметтік саясатты модернизациялау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
3. Мұхтар Тайжан Жер мәселесі бойынша пікір білдіріп, пайдаланбайтын жер телімдерін анықтау үшін ғарыштық мониторингті қолдану арқылы жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударуды сұрады. Сондай-ақ жерді жалға беру ережесін қатаңдату, соның ішінде шетелдіктерге жерді жалға алуға тыйым салу туралы ұсынымдарын ортаға салды. Сонымен қатар, М.Тайжан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республиканың сыртқы қарыз реестерін құруды ұсынды.

Саясат блогы бойынша

4. Айдос Сарым Саяси модернизация бойынша жұмыс тобының ең басты ұсынысы – саяси процестерді демократияландыру, заңнаманы, атап айтқанда митингілер туралы, саяси партиялар туралы, БАҚ туралы, сайлау туралы, парламент және депутаттардың мәртебесі туралы заңдарды ырықтандыруды айтты. Сайлаудың аралас формасына өту, аудан әкімдерін сайлаудың қажеттігі туралы пікір айтылды. Сонымен қатар, А.Сарым өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы мәлімдеме жасады.
5. Асылбек Кожахметов Мемлекеттік аппарат функциясының бір бөлігін азаматтық секторға беруді ұсынды. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының квазимемлекеттік секторды қысқарту жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес бөлімшелерінің директорлар кеңесінің құрамына азаматтық сектор өкілдерін қосуды ұсынды. Оның ойынша, бұл компаниялардың жариялығына және есептілігіне оң септігін тигізеді.
6. Айман Умарова Қазақстанның сот жүйесіне түбегейлі өзгерістер керектігін мәлімдеді. Сондай-ақ ол президентті жала үшін бапты ізгілендіруге және Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» туралы 174-бабына «назар аударуға» шақырды.

Әлеуметтік-мәдени блок бойынша

7. Жәнібек Қожық Зейнет жасын 55-60 жас шамасында белгілеп, зейнетке шығу шарттарын қайта қарауды ұсынды. Қоғам белсендісі сондай-ақ еңбекақыны қайта есептеу керектігі жөнінде мәселе көтерді.
8. Қазыбек Иса Қазақ тілінің мәртебесі туралы заң қабылдау керек екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, латын қарпі негізіндегі алфавитті қайта қараған жөн.
9. Ермек Тұрсунов Мәдениет және спорт министрлігін бөлу туралы ұсыныс айтты. Сонымен қатар, Е.Тұрсынов елімізде «таланттарды өсіру» стратегиясын әзірлеуді ұсынды.

ҚСК-ның алғашқы отырысының қорытындысы бойынша кеңес хатшысы, Президент кеңесшісі Ерлан Қарин брифинг өткізді. Е.Қарин Ұлттық кеңестің жұмыс ерекшелігіне егжей-тегжейлі тоқталып, «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өзін ашық диалог алаңы ретінде танытқанын» айтып өтті.

Мемлекет басшысы ҰҚСК мүшелері айтқан ұсыныстардың басым бөлігін қолдағанын және Президент Әкімшілігіне қоғам белсенділерінің ұсынымдарын іске асыру механизмдері мен шараларын талдау үшін бір жерге жинауды тапсырғанын атап өткен жөн. Осылайша Ұлттық кеңестің ұсыныстарын жүзеге асыру бойынша 77 пункттен тұратын жоспар әзірленіп қабылданды. Бұл жоспарға сәйкес, 20 қазанға дейін салалық мемлекеттік органдар мен ҚР Президент әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері келіп түскен ұсынымдарға бағалау мен сараптама жүргізді.

Қатысушы
Сондай-ақ оқыңыз