ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ
ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ
Кеңес отырыстары
ҰҚСК екінші отырысы: реформалардың бірінші топтамасы – I бөлім
2019 жылғы 20 желтоқсандағы ҰҚСК-ның екінші отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанды жаңғырту бойынша реформалардың бірінші топтамасын жариялады. ҰҚСК жұмыс тобы мүшелерінің әлеуметтік, саяси, экономикалық жаңғыру бойынша ұсыныстары мен ұсынымдары Мемлекет басшысы заң шығарушы және атқарушы органдарға тапсырмаларының негізіне алынды.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ

Экономикалық жаңғыру бойынша реформалардың аясында Мемлекет басшысы мынадай шараларды ұсынды:

Жер пайдалану

Қазақстандағы пайдалануға жарамды жерлердің жалпы ауданы – 202 млн га, оның ішінде 105,3 млн га ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Ұзақ мерзімге пайдалануға берілген жер телімдерінің көбі не пайдаланылмайды, не ұтымсыз пайдаланылады. ҚР Жер кодексіне сәйкес, шаруашылық не фермерлік шаруашылыққа арналған жер телімдері 2 жыл қатарынан мақсатқа сай пайдаланылмаса, тиімсіз пайдаланылған немесе игерілмеген болып саналады.
Жер кодексінде жауапсыз жер пайдаланушылардан игерілмеген немесе тиімсіз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерін алып қою қарастырылған. Мемлекет мұндай жер пайдаланушыларға қатысты заң бұзу фактісін анықтаған сәттен бастап жер салығы мөлшерлемесін 10 есе ұлғайту арқылы экономикалық ықпал ету шарасын қолданады. Ал, жер пайдаланушылар мен жер телімдерінің меншік иесінен жерін мәжбүрлеп алып қою сот тәртібімен жүргізіледі. Ол үшін жерді қорғау және жерді пайдалану бойынша мемлекеттік қадағалауды іске асыратын органдар сотқа талап қою арызын береді.
Жериеленуші жерін алып қоюға кіріскені жөнінде ескертілуі керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:

Ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында бірқатар облыстағы жерлерді ғарыштан мониторинг жасау бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру; пайдаланылмаған жер телімдеріне базалық салық мөлшерлемесін 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайту; игерілмей жатқан жерлерді мәжбүрлеп қайтарып алудың уақытын екі жылдан бір жылға дейін қысқартуға тапсырма берілді.

Мемлекеттік аудит

Бүгінгі таңда Есеп комитетінің мемлекеттік аудит және бақылау нәтижелерінің жұртшылыққа қолжетімсіздігі өзекті проблема болып саналады. Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының мәліметі бойынша 2005 жылдан бері Есеп комитетінің сайтында жарияланатын есептердің ашықтығы мен ақпараттық мазмұны азайған. Transparency Kazakhstan мәліметі бойынша 2005 жылдан бері жекелеген бюджет бағдарламалары бойынша республикалық бюджет қаржысын пайдалануды тексеру туралы бюллетень, сондай-ақ Әділет министрлігі мен ведомствоға бағынышты ұйымдардағы бюллетень көлемі 21 есе азайып кеткен. Ақтөье облысы бойынша мемлекеттік аудит бюллетені 14 есе кеміген. Мұндай тәжірибе, Transparency Kazakhstan пікірі бойынша, азаматтық қоғамның мемлекеттік органдардың қызметін объективті бағалауға қатысу мүмкіндігін шектейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:

Мемлекеттік құрылымдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында Есеп комитетіне тексерілетін мемлекеттік органдар мен ұйымдар бойынша аудиторлық шараларының негізгі нәтижелерінің тұрақты жариялауға тапсырма берілді.

Квазимемлекеттік сектор

Әртүрлі бағалауларға сәйкес, мемлекеттің экономикадағы үлесі ЖІӨ-нің 50%-дан астамын құрайды. Әдеттегідей экономиканың тасымал, логистика, сауда секілді бәсекелі салаларында мемлекеттік кәсіпорындар бар. Қазіргі кезде мемлекеттік компанияларға заң жүзінде 348 қызмет көрсету түрі рұқсат етілген, олар 44 салада жұмыс істейді. «Атамекен» ҚР ҰКП мәліметіне сәйкес, мемлекеттік үлесті кемітуге бағытталған саясатқа қарамастан, жаңадан пайда болған мемлекеттік кәсіпорындардың өсімі әлі байқалады: 2000 жылдан бері мемлекеттік кәсіпорындардың саны 23723-нан 26612-ге дейін өскен. Мемлекеттік органдар өз қажеттіліктеріне орай жаңа кәсіпорындар мен мемлекеттік компаниялар ашады, бірақ бәсекелестікті дамыту мәселесі көбіне назардан тыс қалады.
ҚР Есеп комитетінің пікірінше, квазимемлекеттік сектордың тиімділігі төмен.
Үнемдеуге қажеттілік жоқтығына және шешім қабылдаудың орталық тізгіні мемлекеттік органдарға ойысуына байланысты тиімді басқаруға мотивацияны жояды. Әйтсе де, өткен жылы квазимемлекеттік сектордың жалпы таза кірісі 18%-ға өсіп, залалы 5 есе артқан. Бұған қоса, квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі бизнес-процестердің реинжинирингі мен қызметті цифрландыру негізгі міндеттердің тізімінде тұрған жоқ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:

Квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының санын қысқарту мақсатында, әсіресе, ірі қалалардағы мемлекеттік кәсіпорындардың санын 30%-дан аса қысқарту жөнінде ұсыныс беруге тапсырма берілді.

Әлеуметтік-еңбек саласы


Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті проблемалардың бірі – шетелдік еңбек күшін тарту кезіндегі заңбұзушылықтар. 2019 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Бас прокуратурасы 49 кәсіпорыннан еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 791 фактісін анықтаған. Оның ішінде 24 кәсіпорында еңбекақы мен сыйақы төлеугенде қазақстандық және шетелдік жұмысшыны алалаған 476-ден аса факті тіркелген.
Бұған қоса, жұмысберушілер белгіленген квота мөлшерінде шетелден жұмыс күшін тартқанда заң бұзған жағдайлар жиі кездеседі. Қазіргі кезде елімізде 2425 компания шетелдіктерді жұмысқа тартады. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тексерісіне сәйкес, шетелдіктер берілген рұқсатқа немесе жасалған еңбек шартына сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмыс істегені жөнінде 183 факті анықталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:

Шетелдік жұмысберушілер тарапынан қазақстандықтарды дискриминациялау жағдайын болдырмау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квотаны 40%-ке дейін қысқартуға; жұмысшы саны 250-ден асатын, 30-дан аса шетелдік жұмысшы тартатын кәсіпорындарды тұрақты тексеруге; шетелдік жұмыс күшіне квота бекіту ережесін және рұқсат беру ережесін қайта қарауға тапсырма берілді.

Мемлекеттің сыртқы қарызы


ҚР Ұлттық банкінің 2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметі бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы қарызы 158,3 АҚШ долларын немесе ЖІӨ-нің 87,7%-ын (жыл басынан бері 0,8 пункт процентіне жақсарған) құрады. Сыртқы қарыз құрамында бұрынғыдай фирмааралық берешек (63,3%) басым болып тұр, ал 25,1%-ы байланыспаған кредиторлар алдындағы корпоративтік сектордың сыртқы қарызына тиесілі; мемлекеттің сыртқы қарызы (Үкімет пен Ұлттық банк) – 8,0%, банк секторының сыртқы міндеттемелері (ЕДБ мен «Қазақстан даму банкі» АҚ) – 3,6%. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің сыртқы қарызы 467,6 млн АҚШ долларына қысқарды. Ал,мемлекеттің сыртқы қарызы 323,0 млн АҚШ долларына көбейіп, суверенді еурооблигациялардың нарықтық құнының өсуі есебінен, ішінара мемлекеттің сыртқы қарызын жабу есебінен 12,6 млрд АҚШ долларына дейін жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:

Еліміздің сыртқы кредиторлар алдындағы шамадан тыс берешегі жайында спекуляцияны доғару үшін цифрланған дерекқор түрінде Сыртқы қарыздың бірыңғай реестрін әзірлеуге тапсырма берілді.

Бизнес жүргізу


Мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдасының бірі – бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасау. Кәсіпкерліктің дамуына көмек көрсету қашанда ел үкіметінің басым міндеті болған. Бұл орайда Қазақстан тәуелсіздік жылдары бизнес-бастамаларға қолайлы орта қалыптастыру бойынша жоспарлы саясат жүргізді.
Қазіргі таңда ЖІӨ құрамындағы шағын және орта бизнестің жалпы үлесі 28%-ды құрайды. Жалпы, Қазақстанда 1,3 млн шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, онда 3,27 млн адам еңбек етеді. Экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 40%-ы шағын және орта бизнес кәсіпорындарында, шаруа не фермер қожалығында, сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Тіркелген жеке кәсіперлердің саны бойынша Алматы (117,1 мың), Нұр-Сұлтан (83,3) қалалары мен ШҚО (66,4 мың) көш бастап тұр. Үш аймақтың үлесіне республикадағы жеке кәсіпкерліктің 30%-ы тиесілі.
Кәсіпкерлік ортаны қарқынды дамуында бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар елеулі рөл ойнайды. Бұл орайда кәсіпкерлікті қолдауға арналған ең басты бағдарлама – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы. Бағдарлама іске қосылғалы 9 жыл ішінде түрлі бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін 457,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. «Даму» қорының мәліметіне сенсек, 2010-17 жылдар аралығында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар бюджетке 900 млрд теңге салық төлеген.
Әй тсе де Қазақстанда экономикалық қылмыс жағдайлары жиі тіркеледі. 2018 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің экономикалық тергеу қызметі экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін іздеу салынған 62 адамды ұстады. Кәсіпкерлер арам пиғылды қызмет көрсетушіге не өнім жеткізушіге жем болады. Мысалы, құқық қорғау органдарына мердігерге алдына ала төлем жасаған, бірақ соған сәйкес қызмет алмаған компаниялардан арыз түседі. Мұндай айла-шарғылардың тағы бір кең таралған себебі – салық қызметінің берешекті өтеу есебінен мердігерлердің қаржысын есептен шығаруы. Осыған байланысты ашық мәліметтер базасын құруға зәрулік сезіледі, оның көмегімен кәсіпкерлер компанияның мемлекетке салықтық берешегі бар-жоғын тексере алар еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:

Кәсіпкерлерге өздерінің әлеуетті контрагенттерін бағалау және тексеру үшін тиімді құрал ұсыну мақсатында бизнес субъектілердің ашық интеграцияланған мәліметтер базасын құруға тапсырма берілді.

Транзакцияларды жүзеге асыр


Көлеңкелі экономика Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де ең маңызды проблемаға айналды. Көлеңкелі қызметтердің кейбір түрлері ұлттық экономикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретіні мойындалған. Оларды қазіргі заманның жаһандық проблемаларының қатарына қосуы негізсіз емес. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі кезде Қазақстанның көлеңкелі нарығының көлемі ЖІӨ-нің 30%-ына дейін құрайды. Статистика мәліметтері бойынша соңғы үш жылда көтерме және бөлшек сауда ЖІӨ-дағы көлеңкелі экономиканың ең үлкен бөлігін алып отыр: бұл саланың жалпы қаржы айналымы 5,2 трлн теңгеге дейін жетеді. Ал, жылжымайтын мүлік және автокөлік нарығындағы көлеңкелі экономика үлесі шамамен 3 триллион теңгені құрайды.
Астыртын саудамен айналысатын бизнесмендердің қызметінен мемлекет те, адал кәсіпкерлер де запа шегеді. Мемлекет салықты тиісті деңгейде жинай алмайды, бір жағынан бизнесмендердің шынайы табысты жасыруы барлық кәсіпкерлер үшін теңсіз жағдай туғызады әрі бәсекелестік ортаға теріс әсер етеді. Өз кезегінде, Қазақстанда бизнесті «көлеңкеден» шығару салық-кеден саясатын жетілдіру және қолма-қол ақшасыз айналымды арттыру арқылы жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:
Ірі транзакцияларға төлемді тек қолма-қол ақшасыз, бақыланатын форматқа көшіру мақсатында тұрғын үйді және автокөлік құралдарын алғашқы сату кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу үшін заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар әзірлеуге тапсырма берілді.

Цифрлық қызметтер

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының енгізілгеніне және мемлекеттік қызметтердің қомақты бөлігі электронды форматқа ауысқанына қарамастан, іс жүзінде құжаттар қағаз тасымалдаушыда талап етіледі. Осылайша 2019 жылдың 11 айында Қазақстанда жүргізуші куәлігі және техникалық паспорты, жолдама парағы және басқа да түрлі құжаттары өздерімен бірге болмағаны үшін 80 мыңға жуық азамат жазаланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы:

Көрсетілетін цифрлық қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ құжаттарды қағаз тасымалдағышта беру қажеттілігін жою мақсатында жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, техникалық паспорт, жолдама қағазы т.б. осы тектес құжаттарды цифрлауға тапсырма берілді.

Экономикалық модернизация бағыттарындағы реформалар

Реформалар Орындаушы
Бірқатар облыстарда жерді ғарыштан мониторинг жасау бойынша пилоттық жобаны енгізу ҚР АШМ, ҚР ЦДИАӨМ
Пайдаланылмайтын жер телімдеріне салықтың базалық мөлшерлемесін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайту ҚР АШМ
Мәжбүрлеп алып қою үшін жерді екі жыл қатарынан пайдаланбау мерзімін 1 жылға дейін қысқарту ҚР АШМ
Есеп комитетінің тексерілетін меморгандар мен ұйымдар бойынша аудиторлық шараларының негізгі нәтижелерін жариялауы ҚР Есеп комитеті
Әсіресе ірі қалалардағы мемлекеттік кәсіпорындардың санын 30%-дан аса қысқарту жөнінде ұсыныс беру ҚР Үкіметі
Шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны 40%-ға дейін қысқарту ҚР ЕХӘҚМ
Жұмысшы саны 250-ден асатын, 30-дан аса шетелдік жұмысшы тартатын кәсіпорындарды тұрақты тексеру; ҚР ЕХӘҚМ
Шетелдік жұмыс күшіне квота бекіту ережесін және рұқсат беру ережесін қайта қарау. 4-санат (жұмысшы мамандықтары) бойынша шетелдік персоналды қысқартуды қарастыру, сондай-ақ жергілікті кадрлармен қамтуға талапты күшейту. ҚР ЕХӘҚМ
Цифрланған мәліметтер базасы түрінде сыртқы қарыздың бірыңғай реестрін әзірлеу ҚР ҰЭМ, ҚР ҚМ, ҚР ҰБ
Ұлттық банктің валюта нарығындағы трансферт алмасуын ай сайын, тоқсан сайын жариялау ҚР ҰБ
Бизнес субъектілері бойынша ашық интеграцияланған мәліметтер базасын құру ҚР Үкіметі, «Атамекен» ҰКП
Тұрғын үй мен автокөлік құралдарын алғашқы сату кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу үшін заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар топтамасын әзірлеу ҚР Үкіметі, ҚР ҰБ
Құжаттарды цифрлау: жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, техникалық паспорт, жолдама қағазы т.б. ҚР Үкіметі
Толық есеппен мына жерден таныса аласыз.
Қатысушы
Сондай-ақ оқыңыз