ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ
ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ
Ұлттық кеңес туралы
Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (бұдан әрі – Ұлттық кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

2. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты – жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен кең талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды жинау.

3. Ұлттық кеңес өз қызметінде ҚР Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сүйенеді.
Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері:

1. Тұжырым, мемлекеттік бағдарлама мен нормативтік құқықтық актілер жобасына қоғамдық сараптама жүргізу;

2. Жұртшылық пен азаматтық қоғам пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарастыру;

3. Жұртшылық, саяси партия, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдар арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;

4. Өз құзіреті шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асыру;
Ұлттық кеңес құрамы
Ұлттық кеңес Ұлттық кеңестің төрағасы, оның орынбасарлары, мүшелерден және хатшыдан тұрады. Ұлттық кеңестің төрағасы (бұдан әрі – Төраға) – Қазақстан Республикасының Президенті.

Ұлттық кеңес төрағасы:
  • Ұлттық кеңес қызметіне жалпылама жетекшілік етеді;
  • Ұлттық кеңес отырысын өткізу орны мен уақытын белгілейді;
  • Ұлттық кеңес төрағасының орынбасарына, мүшелері мен хатшысына тапсырма береді.

Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партия, үкіметтік емес сектор өкілдерінен қалыптасады. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Ұлттық кеңес құрамына лауазымына қарай кіреді.
Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңес өкілдері, сондай-ақ өзге де тұлғалар енуі мүмкін. Ұлттық кеңестің шешімімен қоғамды дамытудың жекелеген салалары бойынша жұмыс тобы құрылуы мүмкін. Жұмыс топтары Ұлттық кеңес мүшелерінен құрылады.

Ұлттық кеңес мүшесі:
  • Ұлттық кеңестің жұмыс жоспары, отырыстың күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныс беруге;
  • Ұлттық кеңес отырысына материалдар, кеңес шешіміне сай жобалар әзірлеуге қатысуға;
  • Ұлттық кеңес отырыстарында қаралатын мәселелерді талқылауға және оны қоғамға түсіндіруге қатысуға құқылы. Ұлттық кеңес мүшелері өз құзіретін өзгеге тапсыруға құқы жоқ. Ұлттық кеңес мүшелері Мемлекет басшысы қол қойған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі куәлігін иеленеді.

Ұлттық кеңес хатшысы:
  • Ұлттық кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
  • Кеңес отырысының күн тәртібінің жобасын әзірлейді;
  • Ұлттық кеңес отырыстарына материал, сондай-ақ кеңестің хаттамалық шешімдерінің жобасын дайындауды ұйымдастырады;
  • Ұлттық кеңес мүшелерін Ұлттық кеңесті өткізу орны мен уақыты, кезекті отырыстың күн тәртібі туралы хабарландырады, оларды қажетті материалмен уақытылы қамтамасыз етеді;
  • Жекелеген жұмыс түрлерін орындау үшін белгіленген тәртіп бойынша сарапшыларды, ғалымдар мен мамандарды тартады;
  • Өңірлерде көшпелі консултативтік кеңес өткізеді;
  • Төрағаның тапсырмасы бойынша өзге де құзіретті жүзеге асырады.




Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылуының  хронологиялық реті 

Время События
 12 мамыр 2019 жыл 

Nur Otan республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кеңес 

Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына ҰҚСҚ-ны құру бастамасын қосу туралы шешім

«Ұлттық Кеңеске біздің қоғамның қабілетті өкілдері кіретін болады. Осы Кеңес аясында маңызды жалпыұлттық заң жобалары мен даму бағдарламаларына қоғамдық сараптама жүргіземіз». 

Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы, 
12 мамыр 2019 ж.

12 маусым 2019 жыл 

Қ.К.Тоқаевтың Президент қызметіне  ресми кірісу  рәсімі 

12 маусымдағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, билік пен қоғам диалогы «пікір алуандығын мойындауға негізделуі керек екенін» нақтылап, Ұлттық қоғамдық сенім  кеңесінің құрылуы туралы жария етті.  
«Әралуан пікір – біртұтас  ұлт. Басты бағдар осы. Сондықтан мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруға шешім қабылдадым» 

Қ.К.Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі, 12 мамыр 2019 ж. 

12  маусым 2019 жыл

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойылды. 

Дәл сол күні Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін 
құру туралы Жарлыққа қол қойды. 

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын».


Бұл Жарлық Қ.К.Тоқаевтың сайланған Президент ретінде қол қойған алғашқы құқықтық актілерінің бірі саналады, бұл Қ.К.Тоқаевтың азаматтық қоғам өкілдерінің пікірі және позициясымен санаса отырып жүргізіп жатқан саяси модернизациясында ҰҚСК-нің басым орны мен үлкен маңызын аңғартады. 
Осы Жарлығы арқылы республика президенті елдегі қоғамдық-саяси өзгеріс пен  азаматтық қоғамның түрлі институттарының нығаюына жол ашты.

2019 жылдың маусым айының ортасы мен шілде айының ортасы

Президент Әкімшілігінің өкілдері саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен ақылдасып,  кеңес жұмысы бойынша олардың ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желідегі жарияланымдарға, сарапшы пікірлеріне талдау жүргізілді. Түрлі қоғам өкілдерінің белсенділігі сараланды. 

ҚР Президентінің кеңесшісі, Кеңес хатшысы Ерлан Қарин Кеңес құрамының қалыптасуы туралы: 

«Қазір әлдебір мәселелерді көтеріп, күні ертең ақпарат, қоғамдық-саяси кеңістіктен жоғалып кететін ситуациялық лидерлер жетіп артылады. Біз оларға арқа сүйей алмаймыз. Сондықтан түрлі  тұлғалармен, қайраткерлермен, белсенділермен кездестік. Қандай да бір проблеманың  өзектілігін қашаннан бері көтеріп жүргенін ескере отырып, олардан Кеңес қызметінің форматы жөнінде ұсыныстары мен көзқарастарын білдік, сұрадық. Әлбетте, біз олардың компетенциясын да есепке алдық. Менің ойымша, кеңес құрамы барынша теңгерімді»

17 маусым 2019 жыл Президент Қ.К.Тоқаев Ұлттық кеңестің құрамы мен ережесін (2 Қосымшаны қараңыз) бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. 
Дәл сол күні Президент кеңесшісі, ҰҚСК хатшысы Е.Қарин мен Кеңес мүшелері М.Әбенов, Ж.Қожық және М.Тайжан Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қалың жұртшылыққа ҰҚСК құрамын таныстырды. 
28 тамыз 2019 жыл

ҰҚСК-ның дайындық отырысы 

ҰҚСК мүшелері  жұмыс форматын талқылап, қызметтерін реттеді, сондай-ақ 3 жұмыс тобына бөлінді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік деп бөлінетін әр топқа  сол саланың сарапшылары  енді.

 

Осылайша, құрамына қоғамның түрлі өкілдері енген ҰҚСК консультативтік-кеңес органы ретінде Президент Қ.К.Тоқаевтың қоғамдық пікір мен ұстанымдарды ескере отырып, елдің саяси жүйесін бұдан әрі реформалау және жаңғырту бойынша ең басты саяси құралдарының біріне айналды. ҰҚСК, ең бірінші кезекте, саяси партиялар мен азаматтық қоғам, сондай-ақ  жұртшылықтың белсенді бөлігін араластыратын қоғам тұрмыс-тіршілігінің  барлық саласындағы жүйелі әрі түбегейлі өзгерістерге бағытталған шешім қабылдау процесіне  тартатын жетекші алаң болып есептеледі. 

 

ҰҚСК мақсаты 

ҰҚСК мақсаты – қалың жұртшылықпен, саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерімен кең талқылау негізінде мемлекет саясатындағы өзекті мәселелер бойынша  ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. 

  • Мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің, тұжырымдардың жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізу
  • Жұртшылық, саяси партия, үкіметтік емес сектор және мемлекет органдары арасында конструктивті диалогты қамтамасыз ету
  • Өз құзіреті аясында Қазақстан заңдарына қайшы келмейтін басқа да қызметтерді жүзеге асыру
  • Жұртшылық пен азаматтық қоғам пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарастыру


Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы қазіргі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мемлекет мен қоғам үшін маңыздылығымен сабақтасатын бірқатар ерекшелігі бар.

  • ҰҚСК-ның жоғары статусы. Отырыстар, кеңестер мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігі басшысының төрағалығы не қатысуымен өтеді, оған сондай-ақ ведомстволардың басшылары қатысады. 
  • ҰҚСК құрамын жасақтаудың ротациялық тәртібі. ҰҚСК жұмысына қатысуға қоғамдағы барлық әлеуметтік топтың өкілдерін тарту, пікір алуандығы мен қоғамдағы ұстанымдар жөнінде  ойын білдіру еркіндігін қамтамасыз ету. 
  • Шараларды ұйымдастырудың реттелген тәртібі. Кеңес бірнеше жұмыс тобына бөлінген. Ұлттық кеңестің шешімдері басым дауыс арқылы дауыс берумен қабылданады. Мұндай тәртіп  мәселені талқылаудың ашықтығын және барлығының тең қатысуын қамтамасыз етеді. 
  • Кездесу форматының әртүрлілігі. ҰҚСК жұмысы барысында кеңес мүшелерінің мемлекеттік орган өкілдерімен екіжақты кездесулермен қатар, көпжақты кездесулері де ұйымдастырылады. 
     

Жалпы, ҰҚСК жұмысының мынадай форматтарын атап айтуға болады:

  • Мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс топтарының отырысы; 
  • Президент Әкімшілігі басшысының төрағалығымен және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен өтететін белгілі бір тақырып аясындағы апта сайынғы отырыстар; 
  • Президенттің Ұлттық кеңес мүшелерімен жеке кездесуі. 

ҰҚСК-ның  жоғарыда аталған ерекшеліктері  Қ.К. Тоқаевтың азаматтардың арызын «естіп» қана қоймай,  әркелкі, бытыраңқы,  кейде  тіпті мүлде қарама-қайшы көзқарастарға толы азаматтық қоғамның өз ішіндегі қарым-қатынасты бір арнаға тоғыстыруға талпынысын аңғартады.  ҰҚСК  тек билік пен қоғам арасындағы саяси диалог пен коммуникация арнасын құру емес, сонымен қатар қоғамның өз ішіндегі диалогын дамытуға үлес қосуымен маңызды. ҰҚСК  бір «үстелдің»  басына әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерін жинауға мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар, кейбір сарапшылардың айтуынша, ҰҚСК еліміздің заң шығарушы және өкілдік органы – Парламенттің  функцияларын қайталап отыр. Алайда билік бөлу приниципіне сай Президент пен Парламенттің  өкілеттіктері қатаң шектелетінін түсінген жөн. Осылайша  заң шығарушы орган қызметінен дербес тармақ ретінде Президент өз құзіреті аясында Қазақстанды одан әрі дамыту  жөнінде келісілген, салмақты стратегия әзірлеу үшін азаматтық қоғаммен консультативтік-кеңес алаңын қалыптастырды. Ұлттық кеңестің біраз ұсынымдары Қ.К.Тоқаев жүргізіп жатқан саясаттың күн тәртібіне енгізіледі, ал одан кейін оны Парламент заңнамалық актілерді өзгерту немесе жаңа құқықтық құжаттарды қабылдау кезінде барлық шешімдерді қарастыра отырып бекітеді.  

ҰҚСК-ның  Парламентке ұқсамайтын  ең маңызды ерекшелігі – оның консультативтік функциясы. Мұнда ең бастысы – Қазақстанның келешегіне  өз көп жағдайда балама көзқарасы бар сарапшылар қауымдастығымен  кері байланыс пен тікелей диалог. 

«Сондықтан стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдарда халықтың басым бөлігінің ұстанымы, сөзсіз, ескеріледі. 
Біздің мемлекеттік билік формуламыз: күшті, құзіретті Президент – ықпалды, заңды әрекет ететін Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет. 
Дәл осындай саяси жүйе  мемлекетіміздің күрделі геосаяси жағдайдағы қажеттіліктеріне  анағұрлым толық сәйкес келеді және алдымыздағы стратегиялық міндеттерді орындауға мүмкіндік береді» 

 

Қ.К.Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөзі 
12 маусым 2019 жыл


 

Әрине, ҰҚСК қоғамдағы күрделі  әлеуметтік-саяси үдерістердің шағында құрылғанын жоққа шығаруға болмайды, атап айтқанда: 

  • Электоралды кезеңдегі «адал әрі әділ сайлауға» шақырған, кейін «Оян Қазақстан!» азаматтық қозғалысына институтализацияланған жастар қозғалысының жандануымен байланысты наразылық ахуалдың артуы; Бұған сайлау күні белсенділігі артқан тәуелсіз бақылаушылардың мобилизациясын да қосуға болады. Сондай-ақ оқтын-оқтын «бұрқ еткен»  еңбеккерлер қақтығысы, қытайға қарсы бас көтерулер т.б.  жағдайды күрделендіріп жіберді. 
  • Толассыз  әлеуметтік шиеленіс  баспана беруді талап еткен көпбалалы аналардың наразылығынан көрініп жатыр. 

Алайда  мұның бәрі ҰҚСК жұмысының күн тәртібіне қосылған халықтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы тақырыптардың белсенді көтерілуіне қозғау салды. ҰҚСК құрылуы – бұл наразылық пен митингтерге орай ситуациялық реакция емес,  Қ.К.Тоқаевтың мемлекеттік жүйенің модернизациясы мен трансформациясы жолындағы  жоспарлы, тиянақты ойластырылған саясатының  нәтижесі.

«Сондай-ақ қоғамды  саяси  тұрғыдан  транформациялау үдерісі жалғасын табады. Саяси құрылым терең экономикалық өзгерістерге сәйкесуі керек, әйтпесе реформалар тежеле беруі мүмкін. 
Жалпы,  біз биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруымыз керек. Азаматтық қоғамды дамытуға айрықша көңіл бөлінеді» 

 

Қ.К.Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөзі 
12 маусым 2019 жыл

    
Осылайша   ҰҚСК-ның  Президенттің билік пен халықтың арасын жақындату үдерісі туралы көзқарас-пайымында айрықша орны бар: Ұлттық кеңес әлеумет мүддесін артикуляциялау және агрегациялау жүйесінде елеулі орын алады. ҰҚСК одан әрі саяси шешімдер қабылдауға ұласатын  жалпы мемлекеттік даму саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға  азаматтық сектордың қатысуын қаматамасыз ететін тиімді диалог алаңына айналды.  

ҰҚСК -  саяси диалогтың эволюциясы мен дамуды көздейтін алаң. Коммуникацияның жаңа арнасы. Бұл бастама елді жаңғырту мен реформалаудың жаңа тәсіміне негіз қалап, сенімді арттыруды Мемлекет басшысы саясатының негізгі принципіне айналдырған конструктивті диалог түзу жолындағы алғашқы қадам болды. 
 



Кеңес құрамының басым бөлігін қоғам қайраткерлері құрайды.  ҰҚСК-ның әрбір төртінші мүшесі  қоғам белсендісі болып табылады. Одан кейінгі саны жағынан көп топ – білім беру және ғылыми зерттеу саласының өкілдері, олар Кеңес құрамының бестен бір бөлігін құрайды. Ал, бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттандыру саласының  өкілдері  үшінші анағұрлым маңызды топ болып саналады. Жалпы, Кеңес құрамындағы бұл топтардың репрезентациясы ҰҚСК отырыстарының күн тәртібінде көтерілген еліміздің өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси мәселелеріне жауап береді. 

Кәсіби тұрғыдан қарағанда,  ҰҚСК құрамы мынадай: 

 

 

Жас құрамы 

Жас құрамы жағынан Қазақстанның ересек халқының барлық тобы қамтылған. 

 

 

Ұлттық кеңес мүшелерінің 13%-ы – еліміздің қазіргі буынының өкілдері, яғни 20 мен 39 жас аралығындағы азаматтар. Ал, Кеңестің ең жас өкілі, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының көшбасшысы Максим Споткай  1991 жылы туған, яғни  Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болуының  символдық  мәні зор.     
Ұлттық кеңес мүшелерінің жартысына жуығы 40-49  арасындағы  орта жас өкілдері.  Ал, Кеңестің ең егде мүшесі,  қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам 73 жаста. 

Гендерлік тұрғыдан қарағанда,  ҰҚСК құрамы мынадай:

Кеңестің басым бөлігі  – ер адамдар 

 

 

Президент бекіткен ереже Кеңес жұмысын  реттейді. Мәселен,  ережеге сәйкес, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті. Ол Кеңес жиналыстарына өзі қатысады. Оның құзіретіне: 

  • Ұлттық кеңес жұмысына жалпылама жетекшілік ету; 
  • Отырыстың уақыты мен орнын анықтау;
  • Ұлттық кеңестің төраға орынбасарына, мүшелері мен хатшысына  тапсырма беру;
  • Қажет болған кезде Ұлттық кеңестің құрамына  республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңес өкілдерін, одан өзге тұлғаларды кіргізу жатады. 

Президенттің Кеңеске төрағалығы ең жоғары деңгейде диалог құру мен ынтымақшылдықты көздейтін консультативті органға айрықша мәртебе береді. 

Ұлттық кеңес құрамына лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл кіреді.  

Ережеге сәйкес, Ұлттық кеңес мүшелері: 

  • Ұлттық кеңестің жұмысы, отырыстың күн тәртібі мен мәселелерді талқылау реті  бойынша ұсыныстар беруге;
  • Ұлттық кеңес отырыстарына материалдар, оның шешіміне сай жобалар әзірлеуге қатысуға;
  • Ұлттық кеңес отырысында қаралған мәселелерді талқылауға және қоғам ішінде түсіндіруге қатысуға құқылы. 

Ұлттық кеңес мүшелерінің өз  өкілеттігін басқаға  беруге құқы жоқ. Жұртшылықтың көп бөлігін диалог үдерісіне тарту үшін ҰҚСК құрамында ротация қарастырылған.