ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ
ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ
Кеңес отырыстары
ҰҚСК екінші отырысы: реформалардың бірінші топтамасы – IV бөлім
ҰҚСК-ның екінші отырысынан кейін Мемлекет басшысының экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыру бағытындағы тапсырмалары бірден белсенді іске асыру фазасына өтті. Жұмыс тобы құрамындағы ҰҚСК мүшелері мен салалық министрлік өкілдерінің бірлескен талқылауы нәтижесінде бірқатар заң жобалары әзірленді.

ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ БІРІНШІ ТОПТАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

ҰҚСК-ның екінші отырысынан кейін Мемлекет басшысының экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыру бағытындағы тапсырмалары бірден белсенді іске асыру фазасына өтті. Жұмыс тобы құрамындағы ҰҚСК мүшелері мен салалық министрлік өкілдерінің бірлескен талқылауы нәтижесінде бірқатар заң жобалары әзірленді.

Экономика блогындағы реформалардың жүзеге асуы

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, бірнеше облыста жерді ғарыштан мониторинг жасау тәжірибесі енгізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың 17 қаңтарында «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» бұйрық дайындады. Бұл бұйрықта ШҚО, Ақмола, Маңғыстау, Қостанай облыстарында жерді ғарыштан мониторинг жасау бойынша пилоттық жобаны бастау қарастырылған.

Жерді қашықтан зондау мәліметтерінің негізінде егістік жерлерге тұрақты мониторинг жүргізіледі. Ауылшаруашылық жерлерінің цифрлық нұсқадағы векторлық картасы жасалған. Цифрландырырған ауылшаруашылық жерлерінің жалпы ауданы 33 млн га аса аумақты құрайды, оның ішінде 12,,4 млн га – тыңайған жерлер, 19,4 млн га – егістік, 1,6 млн га – шабындық. Ғарыштан мониторинг жүйесін одан әрі кеңейту мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша бағалау, жоспарлау және басқару шешімін қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ғарыштан мониторинг бизнесті тексеруге мораторий нормасын бұзбай, пайдаланбайтын жерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Тексеруші органдарға арнайы барып тексеруге қажеттілік болмайды, оның орнына бақылаушы органдар тексерісті қашықтан, онлайн режимде жүргізе алады.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану. Қазіргі кезде ҚР Ауылшаруашылық министрлігі заңнамаға пайдаланылмайтын жер телімдеріне салықты 20 есе көбейтуге мүмкіндік беретін өзгертулер мен толықтырулар әзірлеп жатыр. Бұл шара ауылшаруашылығы жерлерін оны өңдеуге кәдімгідей мүдделі фермерлерге берудің қажеттілігінен туындап отыр.

Сонымен қатар, ауылшаруашылығына арналған жер телімдерін мақсатына сай пайдаланбайтын меншік иелеріне түзеліп, тұрып қалған жерді мақсатына сай игеруге берілетін уақыт қысқарады. Бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген «Жерді қорғау және пайдалануға мемлекеттік бақылауды жетілдіру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобасында көрсетілген.

Тиісті түзету ҚР Жер кодексінің 92-бабы, 3-тармағында қарастырылған. Қазіргі норма бойынша жер телімінің мақсатқа сай пайдаланылмайтынын анықтаған сәттен бастап үшінші жылы жерді мәжбүрлеп алып қоюға болады. Ұсынылған өзгерту жердің игерілмей тұрғаны туралы фактіні анықтағаннан кейін бір жылдан соң алып қоюға мүмкіндік береді.

Мәжбүрлеп алып қою туралы қолданыстағы норма күрделілігіне байланысты шамадан тыс уақыт алады. Бақылау субъектісін тексергеннен кейін оған бір жылдық мерзімге нұсқама беріледі. Бір жылдан соң бақылау тексерісі жүргізіледі, сөйтіп жер пайдаланылмаса тағы да бір жылға нұсқама беріледі. Нәтижесінде сотқа жер телімін қайтару туралы талап қою арызы тек үшінші жылы түседі. Бұл орайда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбағаны үшін алып қою мерзімін бір жылға дейін қысқарту жер иеленушілердің жауапкершілігін көтеруге мүмкіндік туғызады.

Еңбек қатынастарын реттеуге келсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың екінші жартысында 105 ірі кәсіпорынға жүргізілген тексеріс нәтижесінде еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 1000-нан аса жағдайы анықталған. 27 компанияда еңбекақы төлеуде 470-ке жуық диспропорция фактісіне жол берілген. Шұғыл шаралар қабылданып, 397 әкімшілік іс қозғалды, 100 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Бұған қоса, бұрын берілген 703 рұқсаттың күшін жойып, 507 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Оның ішінде 250-і – Қытай азаматы, 43-і – Ұлыбритания, 40 шақтысы – Албания және өзге елдердің азаматтары.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек туралы заңның соңғы жобасына сәйкес, шетелдік және жергілікті жұмыс күші арасында еңбекақы төлеу бойынша бірдей жағдай жасау, сондай-ақ тең еңбек жағдайын туғызу бойынша жұмысберушіге қосымша міндеттер мен жауапкершілік жүктеледі. Сонымен қатар, тексеріс кезеңдері регламенттеледі. Нақтырақ айтқанда, еңбек инпекциясы шетелдік жұмыс күшін жалдайтын компанияларды жыл сайын тексеру мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 2019 жылдың 27 желтоқсандағы №984 қаулысымен шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 40%-ға, яғни 49 мыңнан 29 мыңға дейін қысқарды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары төртінші санат (жұмысшы мамандықтар) бойынша шетелдік жұмысшыларды тартудан толық бас тартты және жұмысберушілердің қажеттілігін жергілікті мамандар есебінен қамтуды жоспарлап отыр. Квотаны қабылдау ішкі еңбек нарығын біліктілігі жоқ шетелдік жұмыс күшінен қорғап, қазақстандық кадрларды көбірек жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ жұмысберушілердің білікті шетелдік жұмыс күшіне сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Президенттің тапсырмасын орындау аясында Ұлттық банк 2020 жылдың қаңтарынан бері валюта нарығындағы Ұлттық банктен трансферттер мен Ұлттық банктен трансферттердің конвертациясы бойынша ақпаратты ай сайын жарияр отыр.

Ұлттық қор жинақтаушы (келешек ұрпақ үшін қаржы жинау) және тұрақтандырушы секілді екі негізгі функцияны атқарады. Тұрақтандырушы функциясы республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт түрінде қаржы бөлу жолымен жүзеге асады. 2020 жылғы трансферт көлемі 2,7 трлн теңгені құрады.

Ал, Ұлтық қорға қаржы ұлттық валюта да, шетелдік валюта да түседі. Сондықтан конвертацияға жататын қаржы көлемін есептегенде, Ұлттық банк Ұлттық қордың теңге шотындағы қалдық пен күтілетін теңге түсімін назарға алады. Қаржы министрлігі берген кестеге сәйкес трансфертті жүзеге асыруға теңге шотындағы қаржы жетпесе, Ұлттық банк Ұлттық қордағы қаржыны валютадан теңгеге конвертациялайды.

Ұлттық банк Ұлттық қордың валюта активінің бір бөлігін конвертациялау операциясын жүргізгенде бейтараптық приниципін ұстанады, яғни валюта сатуды ай бойына біркелкі бөліп, валюта нарығындағы конъюнктураға ықпал етуге тырыспайды. Бұған қоса, мемлекеттің экономикалық саясатына халық сенімін арттыру үшін Ұлттық банк ақша-кредит саясаты стратегиясының жобасын әзірледі, Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігімен бірге сыртқы қарыз реестрінің жарияланым форматы анықталды.

Қазіргі кезде «Атамекен» ҰКП бизнес орта мен тұтынушылардың құқын қорғауды жақсарту мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай бизнес-реестрін әзірлеп жатыр. Бірыңғай бизнес-реестр мемлекеттік органдардың 100-ден аса мәліметтер базасымен интеграцияланады. Нәтижесінде әр кәсіпкердің «ақпараттық портретін» ашық дереккөзде жариялауға мүмкіндік туады. Реестрді 2020 жылдың екінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекет пен азаматтардың цифрлық ортадағы әрекеттестігі кеңейіп жатыр. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген «Цифрлық технологиялар туралы» заң жобасында eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлық құжаттарды заңдастыру көзделген. Көп ұзамай жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, неке куәлігі т.б. цифрлық құжаттар қағаз нұсқасымен бірдей қолданысқа енеді. Басқаша айтқанда, азаматтар билік органдарына смартфоннан цифрлық құжатты көрсетсе жетіп жатыр.

ҚР ІІМ мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда полицейлердің қолында 6 мың планшет бар. Интеграцияланған мәліметтер базасы полицейлерге азаматтардың құқықбелгілеуші құжаттарын онлайн режимде тексеруге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік блок реформаларының жүзеге асуы

Үкімет квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында директорлар кеңесінің құрамына азаматтық қоғам өкілдері кіретін 10 ұлттық холдинг пен ұлттық компанияны анықтады.

Алматы қаласында «қатысу бюджетінің» алғашқы циклының қорытындысы бойынша 333 жобаға ұсыныс берілді, олардың ішіндегі анағұрлым сәттілері 2020 жылы жүзеге асырылды. Қала тұрғындарынан аула аумағында спорт алаңы, балалардың ойын алаңын орнату; қоғамдық кеңістіктерді (саябақ, тынымбақ, веложол т.б.) жасау, жөндеу, абаттандыру; топиар пішімдер, шағын сәулеттік пішімдер орнату секілді қала ортасын дамыту бағыттары, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жобалар бойынша көп ұсыныс түсті.

Қазір «Қатысу бюджеті» тәжірибесі Қазақстанның өзге облыстарында да таралып жатыр. Елорданың Сарыарқа ауданының әкімдігі 43 жобаны қабылдап, Нұр-Сұлтан қаласында жобалық ұсыныстарға өтініш қабылдауды бастаған алғашқы аудандық әкімшіліктердің бірі болды.

2020 жылы сәуір айының соңғында ҚР Парламент Сенатының депутаттары ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша заң жобасына өзгертулер мен толықтыруларды қабылдады.

Заң жобасы балалардың құқы мен заңды мүддесін қорғау, сондай-ақ көпбалалы аналарға қолдау көрсету мақсатында әзірленген. 2020 жылы 1 қаңтардан төрт немесе одан көп кәмелет жасқа толмаған баласы бар отбасыларға 42 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейін жәрдемақы берілетін болды. Кемсітуге жол бермес үшін заң жобасында сегіз не одан көп балаға 4АЕК мөлшерінде немесе әрбір келесі балаға 10604 теңгеден жәрдемақы белгілеуді ұсынады. Жәрдемақы көлемі 84 мың теңгені құрайды, 10 бала үшін 106 мың теңге, ал одан кейінгі әрбір бала үшін 4АЕК мөлшерінде болады.

Сонымен қатар, заң жобасы бойынша террорлық әрекеттерден запа шеккен балаларға көмек көрсетіледі.

Саяси блок реформаларының жүзеге асуы

ҚР Президентінің саяси өзгерістер бағытындағы тапсырмаларын жүзеге асыруда едәуір ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе, Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін атап өткен жөн.

Партиялық заңнамаға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, саяси партиялардың жарғысында депутаттыққа үміткерлерді заңнама талаптарына сай ұсыну тәртібі туралы тармақ болуға тиіс. «Саяси партиялар туралы» Заңдағы жаңа 15-1 бап сайлауға қатысатын партиялық тізімде әйелдер мен жастарға 30% минимал квотаның болуы қажеттігін анық көрсетеді:
15-1-бап. Саяси партиядан Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну ерекшеліктері
Саяси партия Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы көлемінде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды енгізеді.

Осылайша, бұл түзету әйелдер мен жастарды қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуға ынталандырады. Әйелдер мен жас буынның еліміздегі саяси мәселелерді шешуге белсенді араласуы сайлау тізімінің сапасын көтеріп, жаңа үміткерлермен толықтыруға мүмкіндік береді.

Партиялар туралы заңнамаға партия тізіміне әйелдер мен жастардың қосылуына кепілдік беретін түзетулер әлемдік тәжірибедегі соңғы үрдістерге сай екенін айта кеткен жөн.

Мысалы, United Nations Entity for Gender Equality and the Empowerment of Women мәліметі бойынша 1995 жылдан 2019 жылдың ақпан айына дейін бүкіл әлемде әйелдердің парламенттегі (бір палаталы, төменгі және жоғарғы палаталы парламенттердің бәрін қоса алғанда) үлесі 11,3%-дан 24,3%-ға дейін өскен. Әйтсе де әйел-парламентарийлердің орташа пайызы бойынша өңірлер арасында үлкен айырмашылық сақталып отырғанын ескерген жөн. Мәселен, 2019 жылдың ақпанындағы мәлімет бойынша әйел-парламентарийлердің үлесі Солтүстік Еуропа елдерінде – 42,5$, Америка елдерінде – 30,6%, Солтүстік Еуропа елдерін қоса алғанда жалпы Еуропа елдерінде – 28,6%, Сахарадан оңтүстік тарабындағы Африка елдерінде – 23,9%, Азия елдерінде – 19,8%, Араб мемлекеттерінде – 19%, Тынық Мұқит аймағында – 16,3% құрады.

Әйелдердің саясатқа араласуы гендерлік квотаны енгізу арқылы қамтамасыз етіледі, әдетте олардың үш түрі болады: заңнамалық квота, партиялық квота және «резервтелген» орындар.

Заңннамалық квота барлық партияны Парламент сайлауына қатысарда әйел үміткерлері болуын міндеттеуді білдіреді. Алайда бұл квоталар әйел-үміткерлердің талап етілген ең аз саны және сайлау тізіміне әйел-үміткерлерді артықшылықпен қосу ережелеріне байланысты бір-бірінінен ерекшеленеді. Мұндай квоталар дамушы елдерде, әсіресе Латын Америкасы, Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінде қолданылады.

Партия квотасы тек квотаны қабылдаған партияларға міндетті. Партияның гендерлік квотасы Еуропа елдерінде қолданылады, әсіресе Швеция, Норвегия, Нидерланд, Исландия, Германия елдерінде анағұрлым кең тараған.

Резервтелген орын жүйесі Парламентте бірқатар орынды әйелдерге қалдыруды білдіреді, оған ер адамдар сайлана алмайды. Квотаның бұл түрі Африкада, Азияда және Таяу Шығыста қолданылады.

БҰҰ Бас ассамблеясының әйелдерді саясатқа араласуы туралы 2011 жылғы резолюциясында мынадай ұсынымдар жазған:

  • Саяси партияларға осы партияның барлық деңгейіндегі шешімдердің қабылдауына әйелдердің толық қатысуына мүмкіндік беретін саясатты қабылдау;
  • Әйелдердің жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейдегі саяси үдеріске қатысуының маңызын ұғыну және мойындауға жағдай жасау;
  • Байырғы ұлттан шыққан әйелдер, мүгедек әйелдер, ауылдық жерлердегі әйелдер мен кез келген этностық, мәдени және діни азшылықтың өкілі болып табылатын әйелдердің барлық деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне кеңінен қатысуына жәрдемдесу

Жастардың саясатқа араласуы

Шетел тәжірибесінде «жаңадан қосылғандарға арналған кваота» (newcomerquotas) деген тұжырым бар. Бұл квота Руанда, Марокко, Кения, Филлипин, Қырғызстан, Румыния, Мексика, Литва, Венгрия, Түркия, Украина т.б. елдерде қолданылады. «Жаңадан қосылушылардың» ең үлкен жасы кейбір елдерде 45 жасқа дейін баратынын айта кеткен жөн.

Гендерлік кваота сияқты, жастарға арналған квотаны үлестіргенде де үш тәсілге жүгінеді. Бірінші тәсіл – «резервтелген орындар» (Уганда, Руанда және Кения) Парламентте жас буынның болуына кепілдік береді. Екінші тәсіл – барлық партияға заң аясында міндеттеме жүктеу (Филлипин, Тунис, Габон, Қырғызстан, Египет). Үшінші тәсіл – партия квотасы (Швеция, Хорватия, Венгрия, Кипр, Литва және Румыния).

«Саяси партиялар туралы» Заңға тіркеу кедергісін 40 мыңнан 20 мыңға адамға дейін төмендетуге қатысты түзетулер енгізу көппартиялы жүйені дамыту бағытындағы ең үлкен қадам болды. Бұл өзгертудің көппартиялы үдерісті қамтамасыз ету үшін сондай-ақ бәсекелі әрі тиімді саяси жүйені құру үшін принципті мәні бар.

Қазақстанда партияларға тіркеу кедергісін азайту басқа елдердегі соңғы жылдары байқалатын үрдіске сай екенін айта кеткен жөн. Мәселен, 2003 жылы Португалия Республикасында қабылданған «Саяси партиялар туралы» заңда партияны мемлекеттік тіркеу үшін ұйым мүшелерінің минималды саны қарастырылған: заң бойынша ол 7500 адам болуы керек (15-бап, 1-тармақ)

Ресей Федерациясында 2012 жылы 2001 жылы қабылданған «Саяси партиялар туралы» федералдық заңға өзгертулер енгізілді. Осылайша партия мүшелерінің минималды саны туралы талап 40 мыңнан 500 адамға дейін төмендетілді (2 баптың 2 тармағының б тармақшасы).

2001 жылғы «Украиндағы саяси партиялар туралы» заңның 10-бабына сәйкес, Украинада саяси партияны тіркеу үшін кемі 10 мың адамның қолы керек. Саяси партия қызметін тек тіркелген соң жүргізе алады, ал тіркелмеген саяси партиялардың қызметіне жол берілмейді.

Румынияда 2003 жылғы «Саяси партиялар туралы» заңға сәйкес, саяси партияны тіркеу үшін Бухарест трибуналына бірнеше құжатты тапсыру керек. Оның ішінде партия мүшелерінің қолын растайтын тізім болуға тиіс (18-бап). Ал, олардың саны кем дегенде 25 мың адам болуға тиіс (19-бап).

«Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңнамаға өзгертулер, сондай-ақ саяси оппозиция мәселелері бойынша түзетулер Қазақстанның саяси жүйені демократияландыру бағытындағы маңызды шешімнің бірі болды. «ҚР Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңның деңгейінде парламенттік көпшілік санатына кірмесе де, мәжілістен орын сайлайтын және әдетте парламенттегі көпшілікке қарағанда саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді басқа позициядан көтеретін саяси партиялар үшін «парламенттік оппозиция» ұғымы енгізіледі.

Бұл жаңа ереже Венеция комиссиясының ұсынымдарына сай екенін айта өткен жөн. Енді Қазақстанда парламенттік оппозицияның мынадай құқықтарына: бір сессияда кемі бір мәрте мемлекет пен қоғамның тұрмыс-тіршілігіндегі өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдауға бастама көтеруге; сессиясына кемі екі рет парламенттегі үкімет сағатының күн тәртібін анықтауға, үкіметтің оппозиция келіспейтін заң жобаларына және өзге де нормаларға балама ретінде заң жобасын ұсынуға кепілдік беріледі.

Бейбіт жиналыс туралы заң

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заң жобасын әзірлеу мен қабылдау ұзақ уақыт алды. Әзірлеудің алғашқы кезеңінде жұртшылық бейбіт жиналыстарды реттеудің өз нұсқасын ұсынды. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бойынша халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистың жобасына негіздеп, ҰҚСК-ның екінші отырысында заңның балама жобасын ұсынды. Нәтижесінде Президент Қ.К.Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды ескере отырып, заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ заң жобасымен жұмыс барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңестің ұсыныстары және мемлекеттік органдардың ұсынымдары ескерілді.

2020 жылдың басында министрлік бейбіт жиналыстар туралы жаңа ережелерді талқылауға ұсынды. Алайда заң жобасының алғашқы нұсқасы кәдімгідей резонанс тудырып, өткір сынға ұшырады. Жұртшылық, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы заңға енгізілмекші өзгертулер мардымсыз екенін айтты. Олардың пікірінше, заңның өзі ескірген, қоғамның заманауи талаптарына жауап бермейді.

Министрлік заң жобасын одан әрі жетілдіріп, талап етілген түзетулерге қатысты қоғамдық пікірді ескеру үшін тоғыз аймақта қоғамдық талқылаулар ұйымдастырды, оның қорытындысы бойынша заң жобасына өзгертулер енгізілді. Осылайша заңның ақырғы редакциясына ең басты талап – митингтерді келісу тәртібін рұқсат беруден ескертуге ауыстыру қосылды.

Журналистердің қызметін шектейтін нормалардың барлығы дерлік заңнан алынып тасталды. БАҚ өкілдеріне мына нормалар міндетті болып табылады:

  • Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы мен қатысушының, сондай-ақ мемлекеттік орган мен ұйым қызметкерлерінің заңды әрекетіне бөгет жасамау;
  • Көліктің, инфрақұрылым объектісінің үздіксіз жұмыс істеуіне, мүліктің бүтіндігіне, сондай-ақ бейбіт жиналысқа қатыспаған азаматтардың еркін қозғалысына кедергі келтіретін әрекеттер жасамау

Негізгі ұғымдарды, бейбіт жиындарды ұйымдастырдың формалары мен механизмдерін регламенттеу маңызды жаңашылдық болды. Жаңа заңда «бейбіт жиналыс», «бейбіт жиналыстың қатысушысы», «жергілікті атқарушы орган», «өтінімді келісу», «митинг», «пикетке шығу», «жиналыс», «демонстрация», «шеру», «бейбіт жиналысты ұйымдастырушы», «бейбіт жиналысты ұйымдастыруға және өткізуге арналған арнаулы орын», «ескертпе» секілді ұғымдардың дефинициясы берілген.

Сонымен қатар бейбіт жиналысты ұйымдастырушылардың, қатысушылардың және құзіретті мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері белгіленген. Мәселен, ұйымдастырушысы немесе ұйымдастырушының өкілі жоқ бейбіт жиналысты өткізуге жол берілмейді. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттестігіне жауап беретін уәкілетті орган бейбіт жиналыстырды ұйымдастырушылардың айрықшалайтын белгісінің формасын әзірлеп, бекітуге міндетті. Жаңа нормаларға сәйкес республикалық маңызы бар қаланың, елорданың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуге арналған арнаулы орындарды, оларды пайдалану тәртібін, олардың шекті толу нормаларын, сондай-ақ арнаулы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастыру жағынан қамтамасыз ету талаптарын бекітеді.

Сондай-ақ Парламент сенаты тарапынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарындағы ереуіл, жиналыс пен митинг үшін арнаулы орындардың санына байланысты нақтылық енгізілді: әр ауданның/ ал қала ішінде аудан болмаған жағдайда әр қаланың орталық бөлігінде кемі үш орын болуға тиіс.

Ұзақ талқылаудан соң Мемлекет басшысы 2020 жылы 25 мамырда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға қол қойды. Жалпы, қабылданған нормалар митингке шығудың жаңа мәдениетін қалыптастыруды және бейбіт жиынға қатысушылардың барлығының арасындағы қарым-қатынасты реттеп, билік пен қоғам арасында кері байланысты ұйымдастыруды көздейді.

Жалпы, аталған заңнамалық түзетулер қолайлы құқықтық және әлеуметтік салдарға алып келеді. Атап айтқанда, партиялық жүйенің тиімділігі артуы; саяси партиялардың қалыптасуына жағдай жасау; саяси партияларды құру үшін санына қатысты талапты төмендету арқылы қоғамда азаматтық белсенділікті арттыру; партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30% квота енгізу арқылы әйелдер мен жастарды қоғамдық-саяси үдеріске қатысуға ынталандыруы. Бұған қоса, парламенттік оппозицияға қатысты түзетулер маңызды саяси реформа болмақ. Оппозицияның, балама пікірдің естілу, ескерілу құқы пайда болады. Заң жобасына түзету бұл құқықты теориялық мүмкіндіктен заң талабына ауыстырды.

Толық есеппен мына жерден таныса аласыз.
Қатысушы
Сондай-ақ оқыңыз